ОРДАБАСЫ: КАНАЛДАР ТАЗАЛАНЫП, АҒЫН СУ ШАРУАҒА УАҚЫТЫЛЫ ЖЕТУІ КЕРЕК

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың Бөген ауыл округінің тұрғындарымен есепті кездесуі өтті. Есепті жиында аудан басшысы 8 айдың қорытындысы бойынша ауданда, ауылдық округте атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады.

«Ауылдық округте кірістердің жылдық жоспары 36 млн. 380 мың теңге болса, 8 айдың есебімен жоспарланған бюджет кірістері 104 пайызға орындалды. Осы жылдың 7 айында Бөген ауыл округіне 233,0 млн.теңге жеке инвестиция тартылып, орындалуы 154,3 пайызды құрады. Сондай-ақ, Бөген ауылына балалар ойын алаңшасын, стрит воркаут құралдарын орнатуға мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде», деді аудан әкімі өз сөзінде.
Шаруалардың диқаншылыққа қажетті ағын су, ортақ жайылым мәселесі жөніндегі сұрақтарына жауап берген аудан әкімі осы бағыттағы жобаларды айтып өтті.

«Ауылда жалпы 4289 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 7 канал бар. Егістік жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту және су шығынын азайту мақсатында «Р-1», «ЛБК» каналдарына күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес «Р-1» каналы жөндеу жұмыстары 2024-2025 жылдарға өтпелі, «ЛБК» каналының жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бөгенде жайылымдық жерлердің жалпы ауданы 4 077 гектарды құрайды. Оның ішінде, 1083 гектары елді мекендердің ортақ жайылымдық жерлері ретінде 2019-2022 жылдары бекітіліп берілген. Жайылымдық жерлерді мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы аудан әкімдігінің Қаулысына сай 895 гектар жер телімін ҚР «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының 6-тарауына сәйкес, сот тәртібімен мәжбүрлі түрде иеліктен шығару жұмыстары жүргізілуде», деді өз баяндамасында аудан басшысы.

Ауылдағы жол жөндеу, ауыз су, көгілдір отын, электр желілерін жүргізу жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Атап айтар болсақ, биыл ауылдағы Алтынсарин және С.Төлепұлы көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Жыл соңына дейін «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында Бөген ауылының 3 көшесінде (М.Ауезов, Ж.Бименұлы, Б.Исабеков) орналасқан КТП-340 және КТП-334 қосалқы стансаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Кемер ауылын таза ауыз су жүйесімен қамту жұмыстары биыл шілде айында пайдалануға берілді.
Бөген ауылындағы ауыз су жүйелеріне қайта құру жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттамасын әзірленіп, сараптама қорытындысын алған жағдайда келесі жылдың бюджеттік нақтылауына ұсынылмақ.
2021 жылы Бөген елді мекенінің табиғи газ жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, полиэтилен газ өткізгіш құбырының 22,3 шақырымын қазу, көму жұмыстары және ШРП тіреуіш бағаналары бетондалды. Нысан келер жылға өтпелі. Кемер ауылын табиғи газбен қамту бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы сараптамадан оң қорытындысын алған жағдайда қаржы алу үшін салалық басқармаға хат жолданатын болады.
Ауылдағы көшелерді жарықтандыру бойынша биыл Бөген ауылы, Ақалтын көшесі, Кемер ауылы, Береке және Бірлік көшелеріне жарықтандыру құралдарын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Есепті кездесуде Азат Әбдіғалиұлы бөгендіктерді ауылдың мәселесін ауыл әкімімен бірлесіп шешуге, туған жерді түлетуге жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *