ОРДАБАСЫ: АУЫЛДЫҢ КЕЛБЕТІН АУЫЛДАСТАР БІРЛЕСІП ЖАСАЙДЫ

Аудан әкімі Азат Оралбаевтың кезекті халықпен есепті кездесуі Жеңіс ауыл округінде жалғасын тапты.
Ел Президентінің «Еститін мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындармен кездесуде аудан әкімі аудан, ауылда әр сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.

«Жеңіс ауылында кірістердің жылдық жоспары 29 млн. 152 мың теңге болса, 8 айда округ бойынша жоспарланған бюджет кірістері 104 пайызға орындалып, бюджетке түскен бұл қаржы ауылдың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Өткен 7 айдың қорытындысында Жеңіс ауыл округіне 97,0 млн.теңге жеке инвестиция тартылып, жоспар 71,9 пайыз орындалған», деді аудан әкімі өз баяндамасында.

Тұрғындар тарапынан айтылған ағын су мәселесіне ерекше назар аударған аудан басшысы: «Ауыл диқандарын шаруашылыққа қажетті ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Р-6 каналын күрделі жөндеуден өткізу бойынша өткен жылы 3 шақырым канал бетондалды. Осы жылдың қазан-қараша айларында 3 каналдың («Р-5-3», «Р-3-4», «Р-5-1») 15,2 шақырым жерін механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр», деді.
Айта кетерлігі, ауылдық округте 3 859 гектар суармалы жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін 5 канал бар.
Жеңіс ауылында электр, жарық, газ, ауыз су саласы бойынша ел игілігіне берілген жобалар жетерлік.
Тарқатып айтар болсақ, автомобиль жолдары бойынша биыл ауылдағы Су мұнарасына баратын жолға тас төсеу, Сейфуллин көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бүгінде Жеңіс елді мекені толық электр энергиясымен, сапалы ауыз сумен қамтылған. Табиғи газбен қамту құрылысы бойынша жоба сараптамадан оң қорытынды алып, салалық басқарма тарапынан 2024 жылдың республикалық бюджетіне ұсынылған. Ал, Дихан елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына тиісті құжаттар әзірленуде.
Тұрғындардың талап-тілегі бойынша ауылда игерілмей жатқан жер телімдерін ортақ жайылымға қайтару бойынша 438 гектар жайылымдық жер аудандық қорға қайтарылған.

Жеңістіктермен кездесу соңында Азат Әбдіғалиұлы бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауыл халқына арнап ашық спорт алаңшасының құрылысы басталатынын жеткізді.
Кездесу соңында жұртшылықты ауылды дамыту жолында ауыл әкімімен бірлесіп жұмыс істеуге, ауылдың ажарын ашып, қасбетін ретке келтіруге шақырды. Сондай-ақ, ауылдағы өзекті мәселелерді аралап көріп, тиісті жауаптыларға тапсырма берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *