ТҮРКІСТАН: САЙРАМДЫҚ АЗАМАТ ТЕРІСКЕЙДЕ 400 СИЫР БАҒЫП ШАРУАСЫН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР

Павлодар облысы, Константиновка ауылында Зорёд Мавланов есімді сайрамдық азамат тұрады. Ол теріскейге 2019 жылы көшіп келген. Жас кәсіпкердің бүгінде «Карим» фермерлік қожалығында 3,5 гектар картоп алқабы бар. Биыл алқаптан 100 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Одан бөлек, шаруаның 400-ге жуық ірі қара малы да бар. Кәсіпкер бүгінде ірі қара малын жалға алған жайылым жерінде бағып өсіруде.
— Өзім үйренген атақоныстан көшу оңай болған жоқ. 2019 жылдың сәуір айында әке-шешеммен бірге көшіп келдік. Бастапқыда бұл жерлер бос жатқан еді. Осы жерге келе салып мал шаруашылығымен айналысып, үй салып алдық. «Сыбаға» деп аталатын ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы арқылы 70 млн теңге несие алып, кәсіп бастадық. Айта кетерлігі, солтүстік өңірінің топырағы өте құнарлы. Егін шаруашылығымен де айналасқанға тиімді. Былтырдан бері картоп өнімін егіп, пайда көріп жатырмыз. Ауасы таза өңірге келіп, өз кәсібімнің жемісін көргеніме қуаныштымын. Қазір осы жерге үйреніп қалдым. Басқа замандастарымды да келіп еңбек етуге шақырып жүрмін, — дейді жас шаруа.
Айта кетсек, биыл 8 айдың ішінде Түркістан өңірінен 238 отбасы, оның ішінде 885 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған.
Ал, Түркістан облысы Төлеби ауданындағы Көксәйек елді мекенінде туған Нұрсұлтан Қаппаров осыдан 6 жыл бұрын 2017 жылы Павлодар облысы Шарбақты ауылына көшіп барған. Суық жер деп жатсынбай бара салып еңбекке кіріскен. Әуелі ауылға қажетті кәсіп түрлерінен бастаған. Мемлекеттік грант есебінде төмен пайызбен несие алып, ауылда шаштараз ашып, бірнеше тұрғынды жұмыспен қамтыған. Кейін самса пісіріп, сататын орын дайындайды. Қос кәсіптен жақсы пайда тапқан кәсіпкер ауыл аймағында дәмхана мен көлік жуу бекетін ашқан. Осылайға ол бүгінде 10-нан астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта көлік жөндеу орталығын ашпақ ниетте.
Нұрсұлтан Қаппаров бүгінде екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отыр. Қаппаровтар отбасы биыл оңтүстіктен тағы 10 отбасының көшіп келуіне себепші болған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шарбақты ауылына күнгей өңірден тағы 10 отбасы келмек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *