ОРДАБАСЫ: ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮРГІЗУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗЕҢ-КЕЗЕҢІМЕН ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Ел Президентінің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауылдық округ тұрғындарымен есепті кездесуі басталды. Осыған орай бүгін аудан басшысы Шұбарсу ауылында халықпен кездесіп, 8 айдың қорытындысы бойынша есеп берді.

Ең әуелі аудан әкімі ауылға республикалық бюджеттен қаралған қаржыға ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын, ондағы ауыз су, электр, автожол, табиғи газбен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мәселен, биыл Шұбарсу ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету құрылысының І кезеңі аяқталып, 1 965 тұрғын немесе 655 абонент ауыз сумен қамтылса, ІІ, ІІІ, IV, V кезеңі жыл соңына дейін аяқталып, жеке -жеке 3 333, 3 584, 3 142, 3 191 абонент таза, сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады.

Мұнан бөлек, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз етудің бірінші кезеңі бойынша ішкі желі құрылысы басталып, қазіргі таңда, полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму жұмыстары жүргізілсе, ІІ кезең бойынша полиэтилендік газ желілерінің қазу және көму, ШРП тіреуіштері орнатылды. Ал, ІІІ кезеңде темір болатты және полиэтилендік газ құбыры мен ГРП бағанасы орнатылса, ІV кезеңде де темір құбыр және полиэтилен газ құбыры жүргізілген.

Аудан әкімі халықпен кездесуде биыл ауылдық округтегі 5 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді.
Атап айтар болсақ, Қызылжар көшесіндегі 2 шақырым жол бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары қазан айында пайдалануға берілсе, Қазыбек би, Тәуелсіздік, Сұлтан Бейбарыс көшесіне орташа жөндеу жұмыстары басталып, 2024 жылы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, ауылдың ішкі көшелеріне тас төсеу жұмыстары екі кезең бойынша жүргізіліп, нәтижесінде келер жылы жеке-жеке 18, 25 шақырым жол жөндеуден өтпек.
Ауылды электр қуатымен қамту бағытында биыл 2022 жылдан өтпелі ІІІ және V кезең құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қосымша 5 893 абонентке электр энергиясы ұсынылатын болады.

Айта кетерлігі, негізгі капиталға бағытталған инвестиция бойынша ауылдық округте 2 жоба қолға алынып, нәтижесінде 28 жұмыс орны ашылған. Осылайша ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтыған.
Есепті кездесуден соң аудан әкімі ауылдың өзекті мәселелері бойынша Шұбарсу ІІ елді мекеніндегі жол құрылысын аралап, тұрғындармен пікірлесті.
Құрылысқа жауапты мекеме басшыларына құрылыс талаптарына сай жұмыс жүргізуді тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *