ШЫМКЕНТТЕГІ САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫ КІМНІҢ ЕНШІСІНДЕ ҚАЛАДЫ?

Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы БАҚ өкілдерімен жүздесті. Жиын барысында Бауыржан Орынтаев басқарма тарапынан 2023 жылы атқарылған жұмыстары туралы мәлімдеді. Атап айтсақ, 20 өнер мекемелерінде 6 мың 669 іс-шара өткен. Бұл түрлі шараларға келушілер саны 2 миллион 188 мың адамды құраған. Ал кәсіби 6 театрда 28 премьера, 1 мың 299 репертуарлық қойылым қойылған. Балаларға арналған мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 149 өнім беруші қамтылған.
2023 жылы Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығынан 1 мың 392 азамат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен курсқа қатысқан. Қазақ тілін — 822 адам, орыс тілін — 139 тұрғын, ағылшын тілін 431 жан меңгерді. Шымкент қаласында көшелер мен саябақтарға 134 атау берілген. Оның ішінде 12 көше мен 2 саябақ атауы өзгерген. Өйткені, ол көшелер мен саябақтардың бұрынғы атаулары идеологиялық тұрғыдан ескірген.
Сонымен бірге, қаламыздағы мәдени ордалардың мерейтойлары аталып өтілмек. Атап айтсам, А. Пушкин атындағы кітапхананың 125 жылдығы, Жұмат Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының 90 жылдығы, көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың 55 жылдығы, халықаралық Әл-Фараби ғылыми әмбебап кітапханасы мен Әдеп ғұрып және салт-дәстүр орталығының 10 жылдығына орай шаралар ұйымдастырылады.
Брифингте басқарма басшысы Әдеп ғұрып және салт дәстүр орталығы ғимараты жөнінде сұраққа жауап берді. Яғни орталық ғимараты Түркістан облысы әкімдігіне өткізіледі деген әңгіме шыққан еді. Б.Орынтаев бұл мәселеге қатысты әзірге толық шешім шықпағанын жеткізді.
Бірақ салт-дәстүр орталығы қазіргі таңдағы нысанда қалатынын кесіп айтпады. Ұлттық жөн-жоралғымыз үшін арнайы тұрғызылған салт-дәстүр орталығының ғимараты кімнің еншісінде қалатыны әзірге белгісіз.

Сабыржан Байбосынов
Журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *