ПРОТЕЗГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ ЖҮР

Құдай адамды мүгедек етпесін. Әйтпесе, сау адамнан көрген қорлығы жанға батады.
Біз мұны редакциямызға Асылбек Төреқұлов келгенде анық білдік. Ол қазір қиналып жүр екен. Басындағы жағдайды төмендегіше жеткізді:
— Мен Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданының орталығында тұрамын. Өзім ІІІ-топ мүгедегімін. Бір аяғым тобықтан төмен қарай жоқ. Бұрын мемлекет тарапынан жылда протез алатынмын. Ал кейінгі жылдары жылда ала алмай жүрмін. Бұрынғы алған протезім әбден ескірді. Аяқты қажап қинайды. Бала-шағаны асырау керек. Сол үшін құрылыста жұмыс істеп жүрмін. Ауыр жұмыста жүріп-тұру тіптен қиын. Аудандағы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барғаныммен бір протезге қол жеткізе алмай жүрмін», — деді.
Мұнан соң біз Қазығұрт аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, басшысы Дархан Кулимовке мән-жайды жеткіздік. Дархан Нұрланұлы бөлімдегі мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтін маманды шақырды. Ол келіп қазір заң бойынша протез әр адамға үш жылдан кейін берілетінін, Асылбек Төреқұловтың соңғы рет 2021 жылы 28-қыркүйекте протез алғанын, енді оның келесі протезге 2024 жылдың 28-қыркүйегінен бастап қана тапсырыс бере алатынын жеткізді.
Егер кезексіз алғысы келсе, протездің ақысын өзі төлейді. Ал ақысын төлеп алуға Асылбектің қалтасы көтермейді. Себебі, бір протезді істетіп келудің өзі 600 мың теңгеге түседі екен.
Қазақстанда Жаңа жылда еріп кететін мұз қалашықтарға, ешкім қызықпайтын спорт түрлеріне, басқа да қажетсіз тұстарға миллиондап қаржылар бөлініп жатыр. Одан да сол қаржыны мүгедектерден қажетті заттар үшін тапсырыс түскенде бөліне беретін етіп қоймай ма? Басқасы басқа, мүгедектерді мүсәпір етіп қойғанымыз масқара!
Оларды протезге үш жылда бір қолы әрең жететін етіп заң шығарған кімдер? Әлбетте, депутаттар. Енді сол халық қалаулылары шығарған қисынсыз заңның зардабын мүгедек жан көріп отыр.
Жоғарыда сау адамнан көрген қорлық деп осыны айтып отырмыз. Бірақ, олар да бұл заңды кейбір мүгедектермен кездесіп, сөйлесіп барып шығарған шығар. Дей тұрғанмен, мүгедектердің арасында да құрылыста жұмыс істейтін, протездері тез жарамсыз күйге түсетінін де ескеру қажет.
Асылбектің ескірген протезі қазір аяғын қажап, жанын қинап жүр. Қыркүйектің 28-іне дейін не істейтінін білмедік. Жұмыс істеп, жанұясын асырау керек.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *