МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ БОЙЫНША ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Күн салқындап бастағаннан Мақтаарал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бастамасымен және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің, өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері, ерікті жастар жылыту маусымына орай тұрғын үйлердегі газ қолдану, өрт қауіпсіздігін сақтау ережелері бойынша үйме-үй аралап түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Тұрғындардың улы газдан улануын алдын-алу мақсатында әлеуметтік осал топқа жататын отбасыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған үнпарақтар таратылды.

Мамандар өкінішті жағдайға тап болмау үшін жылыту маусымы кезінде пештер және мұржаларды тазалау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертеді. Себебі, иіс тиюдің алдын алу үшін ең алдымен пеш дұрыс жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ, үйді жақсы желдету керек. Газдан улану, әсіресе күздің аяғында немесе қыстың басында орын алады. Желдеткіштері дұрыс жұмыс істемейтіндіктен, газ плитаның өзі адам өміріне қауіп төндіреді.
«Газбен улану қауіпті. Бір қарағанда болмашы тірлік болғанымен бұл талаптар орындалмаса, талайдың өмірін қиюы мүмкін. Сондықтан, мамандар барлық азаматтарды өз өмірін сақтау жолында аса ұқыптылықпен қарауға шақырады. Қарапайым ережелерді сақтау сіздің және сіздің отбасыңыздың өмірін сақтап қалатынын ұмытпааңыздар» — деді, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Қанат Иманусенов.

Мақтаарал ауданы бойынша 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымына жеке тұрғындарға 24 389 тонна, жылыжайларға 2749 тонна көмір тасымалдау жоспарланған. Дегенмен, тұрғындардың көмір тасымалдау бойынша белсенділігі өте төмен. Мамандар көмірдің қымбаттауы мүмкін екендігін айтуда. Осыған байланысты да азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жалпы аудан аумағында 69 елдімекенде 21160 тұрғын үй бар. Оның ішінде 36 елді мекенінде, яғни 14267 тұрғын үй табиғи газбен қамтылған. Қазіргі таңда 9 елдімекенге табиғи газ құбырын тарту жұмыстары аяқталып, жылдың соңына дейін тағы 1616 тұрғын үйге табиғи газ беру жопарлануда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *