ШЫМКЕНТТЕ НАУРЫЗДЫ ШЫРША МЕН ҚОҢЫРАУ ҮЛГІСІНДЕГІ ӨРНЕКТЕРМЕН ТОЙЛАП ЖАТЫРМЫЗ

Шымкентте Темірлан тас жолының екі жағы жаңа жылдық мерекеге лайықты безендірілген. Анықтап айтсақ, жарты шырша үлгісінде жасалған диодты жарықтар бағаналарға ілінген. Біз мұндай көріністі әуежайға бұрылатын қиылыстан бастап, «Барыс»  базарына бұрылатын тұсқа дейін көрдік.

Жаңа жылдық өрнектері бар шамсырға көшенің үстіне де тартылған. Оның ортасында қос қоңыраудың бейнесі бар.  Яғни бұлар былтыр жасалған. Мұндай өрнектер осы уақытқа дейін не үшін сақталып тұр?
Мұны бірнеше ай бойы көзі ашық, көкірегі ояу жүретін басшылардың біреуі байқамаған ба?  Қалайша? Кейде іссапармен Астанаға  ұшақпен барып-келіп жүреді. Түнде жанып, жарқырап тұратын безендірулерді көрмеді дей алмайсың. Бұл олардың ештеңеге бас ауыртқысы келмейтінін білдіретін сияқты.
Қызықтың көкесі, сол көшедегі кей бағаналарға Наурыз деген жазуы бар жалаушалар ілініпті. Соны ілген жұмысшылар мен серіктестік басшылары жаңа жылдық безендірулерді көрмеді емес, көрді. Олар неге бұл жайтты тиісті орындарға жеткізбеген?  Ойлары тек тендер мен ақша ма?
Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысы қайда қарап жүр?  Наурыздың 10 күн тойланатынын жаңалық ашқандай қып айтқанда алдына жан салған жоқ. Мүмкін әлі де Әдет ғұрып және салт дәстүр орталығының ғимаратын Түркістан облысының теңгеріміне беру ісінен қолы тимей жүр ме?
Темірлан жақтан қалаға кірсеңіз, Шымкент ұлттық Наурыз мейрамынан көрі Жаңа жылдық мерекені әлі тойлап, соны насихаттауға басымдық бергендей.
Шаһардың батыс жағындағы сол көшемен мегаполиске Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Қызылорда жақтан келген қонақтардың кіріп жатқанын ескерсек, күлкіге қалып жатқан шығармыз.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Журналист

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *